Педагогика - жеке адамды тәрбиелеп, қалыптастыру үшін белгілі мақсатқа бағытталған жүйелі тәрбие мен білім беру туралы ғылым; тәрбиені, білім беруді және оқытуды зерттейтін теориялық және практикалық ғылымдардың жиыны. Педагогикалық институттарда профильді бағдарламалар бойынша оқылатын оқу курсы да педагогика деп аталады. Қазіргі кездегі педагогика оқу-тәрбие жұмысының мәселелерін қамтиды. Әлемдегі педагогикалық ой ежелгі ой-пікірдің бір бөлігі болып табылады және ол адамдар ұрпағының өмір сүру тәжірибесінен тікелей туындаған. «Педагогика» ғылымының өзі барынша әмбебап, қарқынды дамушы және көпбағытты болып табылады. Педагогиканың әмбебаптылығы оның тек қана болашақ маман-оқытушы үшін емес, әрбір жеке адамның және  қазіргі қоғамның жалпы дамуы үшін де қажет екендігінде жатыр. Педагогиканы білу қазіргі мамандар үшін өз бетінше білім алуға және өздігінен үйренуге көмектеседі. Білім беру технологияларын меңгеру білім берудің қазіргі «өмір бойы білім алу» секілді парадигмасын жүзеге асырады. Сондай-ақ, кез-келген жеке тұлғаның өзі де өмір бойы отбасында немесе жұмыстағы әріптестерімен қарым-қатынаста да  педагогикалық білімдер негізін меңгеруге деген қажеттілік зор.